Поиск
ӨМІРБАЯН
Момбек Әбдіәкімұлы 1959 жылы, 28 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылында туған. Көкшетау университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті жазушысы». Қазақстан педагогика академиясының профессоры.
«Зобалаң», «Сүлеймен қарақшы», «Дүрбелең», «Күн тұтылған мезет» (дилогия), «Қараман қарақшы», «Естемес би», «Разборщиктің» жан сыры», «Түркістан өлкесіндегі ойран», «Парманқұл баһадүр», «Қармыс батыр», «Жаманқара батыр», «Түркістан облысының қысқаша тарихы», «Қазығұрт ауданының тарихы», «Шымкент қаласының тарихы», «Төлеби ауданының тарихы», «Келес және Сарыағаш аудандарының тарихы», «Шымкент қаласының энциклопедиясы» сияқты тарихи романдар мен зерттеу еңбектердің және дедективті хикаялардың, сондай-ақ шежіре тұрғысында жазылған бірнеше кітаптардың авторы. Республикалық «Ата тек» деп аталатын шежірешілер қауымдастығының, «Шежіре» ғылыми-зерттеу орталығының және «Қаламгер» әдеби қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілетті өкілі. Жазушылар және Журналистер одақтары сыйлықтарының лауреаты. «Қазақстанның Құрметті жазушысы», Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Жазған кітаптарының саны – 42.
«Алтын Жұлдыз» белгісінің, «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін», ҚР Мәдениет министрлігінің «Ең үздік өлкетанушы», «Мәдениет саласының үздігі» медальдарының, «Білім шыңы», «Облысқа сіңген еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 20, 25 және 30 жылдығы», 1-ші және 2-ші дәрежелі «Еңбек даңқы», «Достық» сондай-ақ елуге жуық басқа да төсбелгілердің иегері. Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың иесі. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері». Төлеби және Қазығұрт аудандарының және Шымкент қаласының Құрметті азаматы. Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің және қалалық ономастика комиссиясының мүшесі, «Аманат» партиясы жанындағы «Мирас» кеңесінің төрағасы.